Адамзат баласы жазу- сызу болмаған кездің өзінде,өмір атты ұлы ұғымды қадірлегені белгілі.Дүниенің өзіне берген сыйын білуі-өмірге бейімделіп ғұмыр кешуі.Ғұмырды біреу үлгілі ,біреу жетеғабыл немесе біреуден ілгері біреуден кейін сүретіні тағы бар.Осындай әрекеттерден жақсы мен жаман жігі шыға бастайды.Ал,мен қалам тартқалы отырған жазба ғалымға да,шахтёрға да бас игізетін мұғалім мамандығының беделін сұрап отыр. Бедел дегеніміз не өзі?
Бедел-қайбір мамандық иесінің өз напақасын табуда адал қызмет етіп, айналасына өз қадір-қасиеті, сіңірген еңбегінің адалдығы, әдептілігі,іскерлігі арқылы танылуы. Бедел ұғымын терең ойлар есті адам еселенген еңбектің жемісі екенін түсінсе,кейбіреуде беделге еңбексіз құмарту өмірде кездесіп отырады. Ондай жанды амал жоқ есер деп айта алмай,іште бүгуіміз халқымыздың қанында бар екені рас.
Ал,мұғалім ұғымын бағамдар болсам,білім,ой,ақыл,тәрбие беретін мамандық. «Ғалым да, шахтер да бас иетін,ұстазым бар сенің қасиетің» -деп ерекше ұғымға балаған ақын бағамына қараңыз… Бірақ «ұстаз» деген атауды мұғалім атаулының бәріне теліп айтуға болар ма екен?
Меніңше, мұғалім білім мен тәрбие атты егіз ұғымды оқушым деп тәуелденген шәкірті бойына сіңіре білгенде, шәкіртін, ұжымдық ортасын,оқушының ата-анасын ісіменен мойындатқанда, ұстаз атана алады деп ойлаймын. Сондай-ақ, ұстаз еңбегі шәкірт білімінің сапасы мен өмірдегі өз орнын табуынан да айқын да анық көрініп тұрады. Міне, осылай беделге ие болған мұғалімді ұжымдық ортасы,оқушысы қымбатты әріптес,ұлағатты ұстазым,деп атай бастайды. Демек, бедел мұғалім қауымының бойына үздіксіз еңбегінің нәтижесімен шоғырланады екен.
Бала оқытқан мұғалімнің білім алар ұясы педагогика ғылымымен аталатын сала.Осы салада тәрбие мен білімнің әдісін үйреніп,тәжірибеден өтіп сынақтардың сан белесін бағындырып құжатқа ие болады.Жалпы педагог деген құрметті ұғым оқу-тәрбие үдерісін қатар меңгеретін, тұла бойы әдепке толы мамандық. Оның етене кәсіптік белгісі де әдеп.Әнші үшін үнді салу,музыкант үшін музыканы ұғу қандай қажет болса, мұғалім үшін педагогтік әдепті білу сондай қажет. Әдептен кейінгі ұстаз бойынан табылуы тиіс ұғым шеберлік. Шеберлік ұдайы шыңдалмайынша, мектеп алдында қойылып отырған қыруар міндеттерді жүзеге асыру мүмкін емес.Өмірге көзқарасы мен идеялық нанымы шеберлігінің айғағы бола алады.
Иә, мұғалімнің ұстаз атануы үшін өз тәжірибеме сүйене сөйлеуіме, «Ұстаз беделін арттыру» тақырыбына қалам тартуым себеп болды. Мұғалім болып, ұстаз атанған осынау жылдар мен үшін көп көрінбеді. Үлгілі ұстазым Әбілда Мұсақұловқа еліктеуден бастап, бір сәт те мамандығымнан жалыққан емеспін. Бұл менің дұрыс таңдауым деп білемін. Мына тапқырыпты қолға алуым, мамандығымның өткен жылдарына үңілуіме итермеледі.
Ал енді,беделін арттыру тіркесіне тоқталар болсам, мұғалім беделімді арттырамын деп емес , оқушыға тәрбие мен білім атты егіз ұғымды бойына қатар егемін деуі тиіс. Менің педагог ретінде арттырған жұмыстарды еңбегім деп емес, міндетім деп қарауым көп жұмыстардың басының құралуына мұрындық болған екен..Ұстаздық еткен әр жылы атқарған іс-шараларымен ерекшеленіп тұрды. Бастауышта бір мұғалімнің қолынан білім мен тәрбиені алып келген оқушыны, бесінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін алып баруға барынша тырыстым.Бесінші сыныпты қабылдап алған күннен бастап, әр оқушыны терең зерттеу, мінез аксентуациясымен жұмыс жасау,қайсысына қалай сөйлеуді педагог-психолог ретінде де қарастырып отырдым.
Мен үшін ұстаздық еткеніме 36 жылдың жүзі болса да, еш уақытта ұстаздық еңбегім үшін шаршап көрмеппін. Мұғалімдік мамандық аса беделді деп те ойламаппын. 1988 жылдың қоңыр күзі маған оқып-тоқыған мамандығымың иесі болуыма мүмкіндік берді. Өзімді білім нәрімен сусындатқан М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі, алтын ұям, құшақ жая қарсы алып,Ұлбала қыз деп үміт артты. Сол күннен бастап, мектеп ұғымы жүрегімнің төрінен орын алды. Мектеп ауласынан кіре бергенімде, қазақтың ұяң баласы мен қызы «апайым» деп алдымнан шыққанда, сол атқа лайық болуға шын жүрегіммен кірістім. Сол уақыттың сұранысы плакатқа түн қатып көренекілік жасау,мен үшін ең қызығы ертесіне мектеп директоры Қ.Өкшебаев пен оқу бөлімінің меңгерушісі Ә.Ботабековтен сабағымның сәтті өткеніне баға алу болатын. Сол сапалы жұмысым үшін қуануым балалық дегенмен, даналықтың белгісі екен-ау деп қоямын қазір. Келесі оқу жылы екінші өмірім, тұрмыс құруыммен, қабат оқу жылы Ө.Жәнібеков есімімен аталатын лицей-интернатына өз мамандығым бойынша қабылдануыммен жалғасты.
Мінеки, әр жыл «Алғашқы қоңырау» жаңа оқу жылын сезінумен ерекшеленсе, «Соңғы қоңырау» үні бітіруші қарлығашты ұшырумен ерекшеленді. Өз мамандығым бойынша білім берумен қатар, тәрбиелік іс шараны жиі-жиі әдеби тақырыптармен байланыстыра өтуді негізге алдым. Өз жанұямның бақыты болып танылатын ұрпағымды өсіруде отырған уақытым не бәрі сегіз айдай ғана болатын. Сол уақыттар мен үшін, білім ошағына елеңдетіп сағындырып тұратын. Бұл дегеніңіз мамандығын шексіз сүйгендік деп білемін.
Жылдар жылжып, еңбек өтілім бірнеше жылды қамтыған тұс, әлемдік білім кеңістігіндегі ғасыр тоғысына сәйкес келді. ХХІ ғасыр нағыз технологияның қарыштап дамыған тұсында, білім берудің тәсілдері өзгере бастады. Қазақстандық мұғалімдер үшін әлемдік өзгеріске ілесудің бірден-бір жолы білім беру тәсілінің озық үлгісін пайдалану деп шешіп, мұғалімдерді деңгейлік курстар арқылы дайындай бастады. Жасым келді деп жатырқап қалмай, ІІ деңгейлі курсты, жаңартылған білім негізін оқып алдым.Курста алған білімімді өз әріптестеріме тәлімгерлік етіп үйретуде, оқушымның өз бетімен ізденіске қол жеткізуіне жол сілтеп, үнемі еңбектенумен болдым. Заман талабы сұрайтын пәндік олимпиада, «Жарқын болашақ» республикалық байқаулары, Кіші Ғылыми Академиясының байқаулары, «Алтын ұрпақ» зияткерлік олимпиадасы, «Ясауи» олимпиадасы, «Мектеп оқушыларының үздік ғылыми жұмысы» конкурсы, «Дарын» Республикалық қашықтық олимпиадасы, Батырлар жырын жатқа айту жарыстарынан оқушыларым оза шауып бәйге алуы ұстаздық шабытымды шарықтата түсті.
«Білімнен басқа нәрседен оздым деу бекершілік» мәйекті ұғымын мәндендіретіндей жұмыстарды өз әріптестерім алдында да жүргізген екенмін. Пән мұғалімдері арасында өтетін қазақ тілі пәндік олимпиадасында аудандық, облыстық жүлдегер, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауының аудандық, облыстық, республикалық жүлдегері, «Құрмет грамотасымен марапатталдым.
Сонымен бірге, «Оқушыларды ғылыми ізденіске дайындау жұмыстары», «Әдебиет әлемі – оқушы көзімен» эсселер жинағы тақырыбында озық тәжірибемді әріптестеріммен бөлістім. Ұстаз ретіндегі ұстанымым:әлемдік білім кеңістігіндегі жаңалықтардан жатырқамайтын,құндылықтарды бойына сіңіріп өскен,рухани байлықтың не екенін түйсінетін,Отаным,Елім,Жерім дейтін тұлға қалыптастыру.
«Керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» дегендейін,жарқын болашағымыздың өмір атты сапарына жол сілтей білген қымбатты ұстаздың жинаған беделінің бедеріне қарап,елі беделін арттырса құба-құп.Жастық шақтың көктеміне нұр беріп,сәуле шашқан ерекше жаралған осынау мамандық ұстасының беделін арттыру халқының ғана қолынан келеді. Ұстазын ұлықтаған ел әрқашан алға озатынына бек сенімдімін!
Мамырайымова ҰӘ. (қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі)
8705-361-74-91. ulbala.mamyraymova@mail.ru


